2019 Форум туралы

Тұрақты Даму мен инновация жөніндегі екінші Орталық Азиялық Зерттеу Форумы


2019 Форум екі кезеңде – 18 наурызда Ұлыбританияда және 4 сәуірде Қазақстанда өтті.




Ұлыбританиядағы Ғылыми Форумы туралы (пресс-релиз)

ЛАФБОРО, 2019 жылғы 18 наурыз – Жоғары рейтингті Британдық Лафборо университетінде Тұрақты даму және инновация бойынша екінші Орталық Азия ғылыми форумының бірінші кезеңі өтті. Форум аясында қазақстандық жас ғалымдар бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобаларын ұсынды.
Лафборо университеті Ұлыбританияның он ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді және ғылыми зерттеулерді бизнес саласына енгізуге бағытталған бағдарламаларымен танымал. Университет өз алаңын форумға қамтамасыз етіп, бизнесте ғылыми зерттеулерді қолданудың баға жетпес тәжірибесін алуға мүмкіндік беріп, форумға баға жетпес қолдау көрсетті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Майкл Гиффорд, Британдық Кеңестің білім беру мәселелері жөніндегі директоры Ричард Эверитт, Лордтар палатасының мүшесі баронесса Элисон Сатти, Лафборо университетінің ректоры Роберт Эллисон, британдық және халықаралық бизнес өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің ғалымдары қатысты.
Форум ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР-дың Ұлыбританиядағы Елшілігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының және Британ-Қазақстан қоғамының қолдауымен Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығының күшімен ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда Ұлыбританияда 80-нен астам қазақстандық докторанттар медицина, гидрология, химия, биология, физика, экономика, математика, IT, бизнес басқару және т.б. мамандықтар бойынша білім алуда. Екі елдің жас ғалымдарының ғылым және білім саласындағы өзара іс-қимылына жәрдемдесу мақсатында 2017 жылғы қарашада Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы құрылды.
Іс-шараның басты мақсаты қазақстандық докторанттардың өзекті ғылыми жобаларын таныстырып, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін британдық жетекші жоғары оқу орындары мен ірі компаниялардың өкілдерімен талқылау болды. Форум аясында Лафборо университеті, Дублин Тринити-колледжі, Лондонның университеттік колледжі, Абердин, Данди, Лестер, Ливерпуль, Кардиф, Саутгемптон және т.б. университеттерінен келген докторанттар мен ғалымдар денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, қазақстандық бидай өнімділігін арттыру, тау-кен секторының қалдықтарын өңдеу, химия өнеркәсібін тұрақты дамыту, урбанистика, туризм және білім беру салаларындағы озық жобаларды таныстырды.
Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Елшісі Е.Ыдырысов тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің ең басты элементі адам капиталы болып табылатынын атап өтті. Іс-шарада ұсынылған химия өнеркәсібі, жаңа материалдар әзірлеу, ауыл шаруашылығы өндірісі және т.б. салалардағы жобалар жас ғалымдардың Қазақстанның академиялық жүйесін әлемдік деңгейде дамыту және өмір сүру сапасын арттыруға деген ниеттерінің рас екендігін дәлелдейді.
Форум екі кезеңде – 18 наурызда Ұлыбританияда және 4 сәуірде Қазақстанда «Астана» Халықаралық қаржы орталығы алаңында өтеді. Форумның қазақстандық кезеңі ҚР Президенті Әкімшілігінің, Лондон мен Астанадағы Қазақстан мен Ұлыбритания елшіліктерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының, сондай-ақ Лафборо университетінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Қазақстандағы Ғылыми Форумы туралы (пресс-релиз)

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 4 сәуір – «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Astana International Campus алаңында Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығының Тұрақты даму және инновациялар бойынша Орталық Азиялық ғылыми форумының екінші кезеңі өтті.
Форум екі кезеңде – 18 наурызда Ұлыбританияда және 4 сәуірде Қазақстанда өтті. Форумның қазақстандық кезеңі ҚР Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының, АХҚО, сондай-ақ Лондон мен Нұр-Сұлтандағы Қазақстан мен Ұлыбритания Елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов, АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетінің басқарушы директоры Мұхтар Бубеев, Лафборо Униерситеті ректорының кеңесшісі Майкл Грин, «Самұрық-Қазына» АҚ Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының өкілі Асқар Мұқашев, Ұлыбритания, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан және т.б. елдерден келген ғалымдар форумға қатысты.
Форумның мақсаты – өңірдің тұрақты дамуына бағытталған Қазақстан мен Ұлыбританияның жас ғалымдарының перспективалық жобаларын жүзеге асыруға мемлекеттік органдардан және бизнестен әлеуетті серіктестерді тарту үшін платформа ұсыну.
Іс-шара барысында жас ғалымдар өздерінің озық жобаларын ұсынып, қазақстандық және британдық университеттер арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту аясындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін, сондай-ақ химия және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, энергетика, білім беру және инфрақұрылымдық даму бағыттары бойынша зерттеуді ынталандыру мақсаттарын талқылады.
«Жас қазақстандық ғалымдар, соның ішінде үздік әлемдік білім мен тәжірибе алғандар бүгін бірігіп, елімізде ғылыми зерттеулерге сұраныс нарығын құруға ниеттеніп отырғаны өте дұрыс. Бұл мәселеде қазақстандық бизнестың қолдауы өте маңызды, өйткені олар біздің ғалымдарымыздың перспективалық жобалары туралы әрдайым хабардар емес. Сондықтан сіздің бизнеспен өзара іс-қимылдың алғашқы оң тәжірибеңіз еліміздің барлық жас ғалымдарын ортақ платформада біріктіріп, еліміздегі ғылым мен бизнестің сындарлы диалогын іске қосатынына үміттенемін», деді А.Балаева.
Форум барысында АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы (BCPD Ltd) мен Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар ассоциациясы арасындағы келісімге қол қойылды, оның шеңберінде АХҚО қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылыми және зерттеу мәселелері бойынша ынтымақтастық жоспарлануда.
«BCPD Ltd, АХҚО жанындағы құзырет орталығы және үздіксіз кәсіби даму аясындағы өзара іс-қимыл алаңы бола отырып, жас ғалымдармен ынтымақтастық орнатуға қуанышты болады. Әрбір докторант Astana International Campus алаңында сөйлеп, Қазақстан мен бүкіл өңірдің игілігі үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізе алады», – деді Е.Рысмағамбетов.
«Бүгінгі таңда Ұлыбританияда 80-нен астам қазақстандық докторанттары білім алуда. Екі елдің жас ғалымдарының ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастығына жәрдемдесу, сондай-ақ инвесторлар мен жобалар арасындағы диалогты қамтамасыз ету мақсатында осы алаң құрылды. Қазақстанда АХҚО алаңында тұңғыш рет өтіп жатқан бұл форум елімізде әрбір нағыз ғалым инвесторлар үшін өзінің серпінді идеясын ұсынып, Қазақстан үшін инновациялық экспорттық өнім шығару үшін қажет», – деді Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығының жетекшісі Әлия Сембаева.

Мақсаттар