Қазақстан - ауылшаруашылықтың арман елі

Қазақстан - ауылшаруашылықтың арман елі

Қанат Ермекбаев - Джон Иннес Зерттеу Орталығының PhD кандидаты. Қанат өзінің зерттеу жұмыстарының арқасында қазақ бидайының үш жаңа линиясы шыққаны және Ұлыбританияда өзін зерттеуші ретінде қалай сезінетіні жайлы баяндап берді.

Балалық кезімде жылқыға құмар болдым

Мен 1987 жылдың сәуір айының 1-ші жұлдызында қазіргі Түркістан, сол кездегі ОҚО, Созақ ауданының Жарты-төбе ауылында дүниеге келдім. Кейіннен ата-анам аудан орталығы Шолаққорған селосына көшті. Балалық шағым осы екі елді мекеннің ортасында өтті. Барлық қарапайым балалар секілді жаз айларын қой, қозы бағып, доп теуіп өткіздік. Жылқы малына өте құмар болдым. Аудан орталығы болған соң мал ұстау қиындау болды. Жайын жібере алмаймыз. Сондықтан мектептен келе сала, жалғыз атымды ноқталап өріске жаюға кететінмін.



Ғылымға кездейсоқ келдім

Жалпы уран өндіретін аймақта туып өскен соң эколог болуды қаладым. Алайда, мектеп бітірген жылы газеттен «биотехнологияның» болашақ мамандығы болатыны және оның маңыздылығы жайлы мақалаға көзім шалды. Дегенмен, шешімімді өзгертпей, ЖОО құжат тапсырғанда экологияны бірінші, биотехнологияны екінші мамандық ретінде көрсеттім. Бірақ экологияға балым жетпей, биотехнологияға түстім және оған өкінбеймін.

Ғылымға кездейсоқ келдім. ЖОО бітірген соң «диплом күйіп кетпесін» деген мақсатта тек 6-ай мамандық бойынша жұмыс істеуді ұйғардым. Алматы қ, «Өсімдіктердің биологиясы және битехнологиясының» молекулалық генетикасына зертханасына қызметке тұрдым. Сонда бірінші рет Қазақстанда озық жабдықталған зертхананың бар екендігін көріп таң қалдым. Кейіннен онда жасалып жатқан ДНҚ бөлу және оны ПТР (ПЦР) әдісімен көбейту сияқты әдістерді көріп үйрене бастадым. Жалпы техникалық жағын түсінгенімен, ғылыми теориясын бағамдау қиын болды. Содан, осының бәрін бір күн «түс көріп» біліп үйреніп алсам деген арман пайда болды. Бірақ ол арман жүзеге аспай оқуға тура келді





Қазақ бидайының үш жаңа түрі

Қазірге таңда, Ұлыбританияның «Джон Иннес Орталығы» атты озық ғылыми орталықта докторантураның соңғы жылын жасап жүрмін. Тезис тақырыбым - «Қазақ бидайының өнімділігі мен бейімделуінің генетикалық құпияларын түсіну». Бүгінге дейін, «қазақ» бидайының бойынан маңызды бірнеше гендерді анықтап, оларды «ағылшын» бидайы сортына заманауи генетикалық және геномикалық тәсілдерді қолдану арқылы аса ұқыптылықпен жеткіздік. Нәтижесінде, бидайдың жаңа үш линиясын шығарып, Қазақстанда үлкен далалық тәжірибелерді екінші жыл қатарынан жасап жатырмыз. Кейбір аймақтарда жергілікті сорттарға қарағанда өнімділікті 15-20% арттырдық. Бұл өте үлкен көрсеткіш және әрі қарай бірнеше бағытта тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Жалпы, тек традициялық әдістерді қолданумен жаңа бір сорт шығару үшін 12-14 жыл керек, ал біз замануи өсімдік селекциясының әдістері арқылы бұл уақытты екі есеге қысқарттық.



Британдық ғалымдар еркін

Ұлыбритания ғылымы дамыған және бұл елде ғалымдарға барынша жағдай жасалғандығын айтпасақ та белгілі. Маған ең ұнайтыны, «иерархияның» жоқтығы. Яғни, егер сізде керемет идеялар болса, оларды жүзеге асыру үшін екінші біреудің орнын басудың немесе оның жұмыстан кетуін күтудің қажеті жоқ. Ешкім біреуді алмастыруға және оның жасап жатқанын жалғастыруға міндетті емес. Ғылыми әлеуетіңіз жоғары болса, жас мөлшеріне қарамастан сізге тәуелсіз ғылыми топ құруға мүмкіндік береді.



Қазақстан - ауылшаруашылықтың арман елі

Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуеті орасан. Әлемдік рынокты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде басты ойыншыға айналу мүмкіндіге зор. Осы мақсатта қыруар қаржы бөлінуде, бірақ осы күнге дейін құрғақ статистикамен ғана шектеліп, көзге көрінетіндей керемет жетістіктерге жетпедік. Сондықтан бізге ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен жасалатын стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру керек. Тұқымшаруашылығы мен мал тұқымен асылдандыру салалары әбден ақсады. Сондықтан ішкі рынок шетел өнімдерімен қаныққан. Бұл кезек күттірмей шешетін мәселе.



Ұлыбританиядағы өмірдің артылықшылықтары мен кемшіліктері

Мен үшін мұндағы өмірдің ең басты артықшылығы - дүниеге жарыс жоқ, әркім өзімен-өзі. Көбіне сенің жеке басыңа қатысты мәселелерге қатысты сұрақтар қойып, кіріспейді. Мысалы: «жалақың қанша?», «неге сақалың өсіп кеткен?» деген секілді. Жұмыс уақытынан тыс сені ешкімнің мазалауына құқығы жоқ және олай жасамайды да. Жеке ұялы телефонды қызмет бабына байланысты мүлдем қолданбайды десек те болады. Мәселелер қаншылықты шұғыл болса да тек жұмыс телефоны немесе электронды пошта арқылы шешіледі. Ұлыбритания халқы заңға өте қатты бағынады. Өкімет пен халық арасында сенім бар. Кемшілгі: туыстық қарым-қатынас біздегідей емес. Сондықан қоғамдық тәрбие ұмытылған десек те болады.

Жылпы мен үшін мұнда көп дүние өте баяу секілді көрінеді. Мысалы, сырқаттынып қалсаңыз жедел жәрдем біздегі секілді 20-30 минутта жетіп келмейді, кем дегенде 7-8 сағат өтеді. Өздері «Біздің жедел-жәрдем қайтыс болғанда бірақ келеді» - деп қалжыңдайды. Тіс дәрігеріне жазылу үшін 1-2 ай бұран хабарласу қажет. Шұғыл дегеннің өзінде 1-2 күн алады. Дәл осы секілді үйге интернет қостырудың да өзінің уақыты бар. Алайды бұл емханалар төмен деңгейде қызмет көсетеді дегенді білдірмейді. Жүйе осылай құрылған. Адамдар денсаулығын алдын-ала ауырмай тұрып бақылап тұрады.



Чтобы комментировать, зарегистрируйтесь или авторизуйтесь